2025 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер-2025» сыйлығының нәтижелерін жариялады.
Сыйлық иегерлерінің қатарында «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» саласы бойынша Антиген ғылыми-өндірістік бірлестігінің физика-химиялық зерттеу әдістері зертханасының меңгерушісі, PhD Фарида Бахтияровна Амутова болды.
Сыйлық 2024 жылғы 1 шілдедегі №103-VIII ҚРЗ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тағайындалған және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асыратын ғалымдарды қолдаудың жүйелі шараларының бірі болып табылады. Оның мақсаты - ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми қызметкерлерді ынталандыру және ғылыми-зерттеу қызметін дамыту.
2025 жылы конкурсқа жеті бағыт бойынша 358 өтінім түсті: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».
Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен 2025 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер-2025» сыйлығы отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми зерттеулері мен нәтижелері үшін 50 ғалымға табысталды.
Фарида Бахтияровнаны конкурстағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа ғылыми жетістіктер мен табысты жобалар тілейміз!