«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының физика-химиялық зерттеу әдістері зертханасының кіші ғылыми қызметкері және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биотехнология кафедрасының 3-курс докторанты Ахатжанова Арайлым 2026 жылдың 11 наурызы мен 19 сәуірі аралығында Францияның Нанси қаласындағы Лотарингия университетінің L2A зертханасында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдаманың негізгі мақсаты - топырақтағы тұрақты органикалық ластағыштардың биожетімділігін бағалауға арналған әртүрлі in vitro әдістер бойынша ғылыми деректерге мета-талдау жүргізу және оларды in vivo зерттеулер нәтижелерімен салыстыру болды.
Тағылымдама барысында ластағыштардың биожетімділігін анықтауға бағытталған жануарлар үлгілеріндегі (торайлар) in vivo эксперименттермен танысу жүзеге асырылды. Эксперименттік дизайн, ластанған топырақ қосылған жем арқылы әсер ету тәсілдері, сондай-ақ биологиялық үлгілерді (қан, бауыр, май тіні, зәр) іріктеу және талдауға дайындау әдістері зерттелді.
Тағылымдама нәтижесінде зерттеуші ластағыштардың биожетімділігін бағалау саласында құнды тәжірибе жинақтады. Алынған нәтижелер алдағы ғылыми жұмыстарда және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдар дайындауда пайдаланылатын болады.